«ҚазАгроҚаржы» АҚ жылды қорытындылады
«ҚазАгроҚаржы» компаниясы жеңілдетілген лизинг бойынша жылдық жоспарды артығымен орындады. Биыл 10 мыңнан астам техника сатып алу үшін 266 млрд теңге жұмсалды. Ең жоғары көрсеткіш Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркеліп отыр.
Компанияның Павлодар облысындағы филиалының мәліметі бойынша, биыл аймаққа рекордтық көлемде инвестиция құйылды. Ал филиалдың несиелік портфелі 76 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 60 пайызға көп. Саладағы серпіліс жеңілдетілген лизингпен тікелей байланысты. Бағдарламаға сұраныс жоғары. Өйткені пайызы төмен және кепілдік талап етілмейді.
Байсал Алпысбай, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры: «2025 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 28,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Біздің несиелік портфеліміз уштен бірге жуық өсіп, 76 миллиард белгісіне жетті. Биыл жылдық 5%-бен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы ерекше сұранысқа ие болды. Осы бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі бес есе өсті.
Биыл елде «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы шеңберінде 10 мыңнан астам техника сатып алуға қаржы берілді. Нәтижесінде жүздеген агроқұрылым өз автопаркін жаңартуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ отандық өнімдерге басымдық беріліп, баға тұрақтылығы сақталды.
Еркебұлан Жұмжаев, «Қазагроқаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
«Біз үшін бұл сандар жай ғана статистика емес, егіс алқаптарына шыққан жаңа арнайы техниканың мыңдаған бірлігі. Әсіресе өңірлердегі динамика қуантады. Мысалы, Ақмола облысындағы әріптестеріміз жылдық жоспарды тамыз айында мерзімінен бұрын орындап тастады, ал Қостанай облысындағы филиал тарихта алғаш рет несие портфелінің көлемі бойынша 100 миллиард теңге белгісінен асты. Бұл елдегі ауыл шаруашылығын жаңғыртуға деген орасан зор сұранысты көрсетеді».