Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке тиімді алу – жамбылдық фермерлер тәжірибесі

Бүгінде заманауи ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы тиімді шарттармен алуға болады – төмен мөлшерлемелермен, ұзақ мерзімге және ыңғайлы төлем кестесімен. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауын пайдаланған фермерлер өз тәжірибесімен Жамбыл облысында өткен баспасөз туры барысында журналистермен бөлісті.

Қазіргі заманғы техника – бұл ауыл шаруашылығында сән-салтанат емес, қажеттілік. Тракторлар, тұқым сепкіштер, тамшылатып суару жүйелері және автоматтандырылған комбайндар ескі жабдықты алмастырып қана қоймай, өнімділікті арттырып, жұмысты жеңілдетеді.

Техниканы жаңарту елеулі қаржылық шығындарды талап етеді, бірақ бұл істе фермерлерге үнемі «ҚазАгроҚаржы» АҚ көмектеседі. Журналистер мемлекеттік қолдаудың белсенді алушыларының бірі — Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Агрохолдинг ASPAN» ӨК егістіктерінде болды.

— Алғашқы көмекті мен 2007 жылы алдым — сол кезде үш трактор сатып алдық. 2010 жылы жылыжай салу үшін 120 млн теңге алдық. Өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» көмегімен 100 млн теңгеге техниканы жаңарттық. Қазір 400 млн теңгеге — комбайн мен он трактор алуға лизинг рәсімдеуге құжаттар дайындап жатырмыз, — дейді кооператив төрағасы Саха Манатов.

Неге қарапайым несие алмауға болады? Лизингтің артықшылықтары анық: төмен мөлшерлеме, ұзақ мерзім және икемді төлем кестесі.

— 25 жыл ішінде «ҚазАгроҚаржы» 1,6 трлн теңгеден астам сомаға техника сатып алуды қаржыландырды, оның ішінде 36 млрд теңгесі Жамбыл облысына тиесілі. Қолдау көлемі артып келеді: 2021 жылы бұл көрсеткіш ел бойынша 140 млрд теңге болса, өткен жылы — 228 млрд. 2025 жылы 250 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.

Жыл соңына дейін өңірде 7 млрд теңгеге техника беру жоспарлануда. Осылайша, облыс бойынша 900-ден астам фермер қажетті қолдауға ие болады.

— Бұрын өтінім беру қиын деген шағымдар болған. Сондықтан 2025 жылдан бастап біз онлайн жүйені енгіздік: фермер құжаттардың бір бөлігін өзі жүктейді, қалғаны мемлекеттік органдардан автоматты түрде сұралады. Қарау мерзімі – 1 күннен 10 күнге дейін. Бекітілген соң келісімшарт жасалады да, біз техника сатып аламыз. Оны фермер өзі таңдайды, ал егістікке жеткізу 30–45 күн ішінде жүзеге асады, — деп түсіндірді Е. Жұмжаев.

Қазіргі таңда ең танымал бағдарлама — жылдық 5% мөлшерлемемен 7 жылға дейін берілетін «Жеңілдетілген лизинг». Бұл бағдарламаға фермерлердің шамамен 90%-ы қатысады. 2025 жылы осы бағытқа 250 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінеді.

Осылайша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауының арқасында жыл сайын қазақстандық фермерлерге 10 мыңнан астам техника бірлігі жеткізіледі, ал техниканы жаңарту — шаруашылық өнімділігін арттырудың ең сенімді жолы.

Тізімге оралу
chat-bgov

Кеңес ал!

Call-центр

Қоңырауға тапсырыс беру