XIII Қазақстан машина жасаушыларының форумы: ауыл шаруашылығы лизингінің жаңа белесі
Биылғы Қазақстан машина жасаушыларының XIII Форумы аясында өткен «Ауыл шаруашылығы машина жасау: қазіргі жағдайдағы саланың Даму үрдістері» тақырыбындағы секциялық отырысы сала мамандары үшін маңызды алаңға айналды.
Жиынның басты спикерлерінің бірі ретінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Сейтжанов компанияның даму стратегиясы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің болашағы туралы баяндады.
Нарықта 26 жылдан астам тәжірибесі бар «ҚазАгроҚаржы» бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғыртудың негізгі
қозғалтқышы болып табылады. Айдос Сейтжанов өз сөзінде 2026 жылға арналған өршіл жоспарлармен бөлісті: мәселен, ең танымал «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша отандық техниканы қаржыландыру көлемі 300 млрд теңгеге жетеді деп болжануда. Бұл фермерлерге жылдық небәрі 5%-бен жаңа техника алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, отандық фермерлерді қолдайтын «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы (6%) мен мал азығын дайындауға арналған «Өз жем-шөбіміз» (6%) жобалары тиімді шарттармен ұсынылып отыр.
Ерекше атап өтетін жайт - техниканың кең таңдауын, соның ішінде арнайы көліктер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қамтитын «Агролизинг» (12,6%) бағдарламасы да өз жұмысын жалғастырады.
Дегенмен, баяндаманың басты жаңалығы компанияның жаһандық цифрландыру бағытына қатысты болды. Айдос Сейтжановтың айтуынша, алдағы уақытта «ҚазАгроҚаржы» ұсынатын барлық лизингтік қызметтер толықтай цифрлық форматқа көшіріледі.