«ҚазАгроҚаржы» АҚ «Қазақстанда жасалған» жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдаудың қайта басталғанын хабарлайды
«ҚазАгроҚаржы» АҚ отандық өндірістегі/құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасы мен көлік құралдарын жеңілдікті лизингке беру бойынша «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдаудың 2026 жылғы 25 мамыр күні Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап қайта басталатынын хабарлайды.
Бағдарламаның мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді отандық өндірістегі/құрастырылған заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен қолжетімді және жеңілдікті қаржыландыру шарттары негізінде қамтамасыз ету.
Бағдарлама аясында фермерлер отандық өндірістегі/құрастырылған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын келесі шарттармен қаржылық лизингке ала алады:
- лизинг мерзімі — 10 жылға дейін;
- сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 6%;
- аванстық төлем — лизинг заты құнының кемінде 15%-ы.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді келесі тәсілдер арқылы беруге болады:
- Telegram-бот арқылы кезекті брондау: https://t.me/kaz_agro_finance_bot;
- «ҚазАгроҚаржы» АҚ ресми сайтында онлайн-өтінім беру: www.kaf.kz;
- «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік филиалдарына жүгіну.
Қосымша ақпаратты компанияның ресми сайтынан алуға болады: www.kaf.kz.