«ҚазАгроҚаржы» «Өз жем-шөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды
2026 жылғы 6 сәуір сағат 10:00-ден бастап «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық Холдингінің құрамына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Өз жем-шөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін өтінімдерді қабылдай бастайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасын іске асыру мемлекет басшысының 2026 жылы отандық мал шаруашылығын дамыту бойынша белгілеген міндеттері аясында ерекше маңызға ие болып отыр. Жем-шөп базасын нығайтудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толыққанды өндірістік тізбекті құру мәселесі сапалы техникалық жарақтандыруды талап етеді. Бағдарлама аграрлық сала өкілдеріне жем-шөп дайындайтын техниканы және мобильді суару жүйелерін (қазақстандық және шетелдік өндіріс) жеңілдікпен лизингке алуға мүмкіндік береді. Қаржыландыру шарттары: жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%, мерзімі 10 жылға дейін, алғашқы жарна - 15%-дан басталады. Бағдарлама мал өсірумен және бордақылаумен айналысатын, сондай-ақ қажетті жер ресурстары бар шаруашылықтарға арналған. Бағдарламаға қатысушылар екі жыл ішінде еңбекақы қоры мен салық түсімдерін 10%-ға арттыру бойынша міндеттемелер қабылдайды.
Сонымен қатар отандық өндірістегі/құрастырылған және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға бағытталған «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылданады. Бағдарлама шарттары бойынша бастапқы жарна қарастырылмаған (0%), сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды, ал қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін жетеді. Бұл фермерлердің айналымдағы қаражатына түсетін салмақты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Фермерлерге қолайлы болуы үшін өтінім беру процесі барынша оңтайландырылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Telegram-бот (https://t.me/kaz_agro_finance_bot) арқылы кезекке тұрады, www.kaf.kz ресми сайтында электронды өтінім бере алады немесе «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның өңірлік филиалдарына жүгіне алады. Қатысу ережелері мен қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпарат компанияның интернет-ресурсында орналастырылған.