8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

Новости

Қаржы айналымы көңіл қуантады 08.05.2019

Бүгінде «ҚазАгроҚаржы» – аграрлық сектордың күретамыры» деп бекер айтылмайды. Қазір еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі.

Осы қолдаудың нәтижесін­де көптеген ұжымдық шаруа­шы­лық­тар, акционерлік қоғам­дар құры­лып, игілікті істер ат­қары­луда. Міне, мұның бәрін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қо­ға­мы­ның өткен жылғы атқарған қыз­метіне және алда тұрған мін­дет­теріне көз жүгіртсек, анық байқаймыз. 

«ҚазАгроҚаржы» АҚ өзі­нің негізгі міндетіне сәйкес ауыл­шаруа­шылық техникаларын жаңар­туға қарқынды түрде кө­мек көр­сетуде. Атап айтқанда, 2019 жылдың 29 наурызындағы жағ­­­дай бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл­шаруашылық тауарларын өндіру­шілермен жалпы сомасы 10,7 миллиард теңге болатын қар­жылық-лизингтік 798 келі­сім жасады. Осының негізінде қазақ­стан­дық және шетелдік өндіру­ші­­лердің комбайндары, трактор­лары, егін егетін кешендері мен бас­қа да техникалары сатып алынбақ. 

Бұл орайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2018 жылы жалпы сомасы 63 млрд теңгеге 3 426 дана әртүрлі ауылшаруашылық техникаларын қаржыландырғанын ерекше атап өткен орынды. Осындай жұмыстың нәтижесінде отандық агросектор жаңа техникалармен қамтамасыз етіліп, ел ырысын арттыруға септігін тигізді. 

Жалпы, «ҚазАгроҚаржының» АҚ көпжылдық қызметіне көз салар болсақ, аграрлық сек­торды дамыту үшін түрлі бағдар­ла­маларды жүзеге асырып келе жатқанының куәсі бол­амыз. Мы­салы, ауылшаруа­шылық техникалары мен технологиялық құрал-жабдықтарының несиесі мен лизингтері бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау. Бұл бағдарлама 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол жылдан бастап 2018 жылға де­йін қаржылық лизингтік және займның 15 847 келісімі суб­си­диялауға мақұлданды, ол негізгі қарыздың 206 млрд теңгесін құрайды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын табуда. Биылдың өзінде «Qoldau.kz» веб-порталы арқылы 50-ден астам өтініш түскенін айтып өтелік.

Аграрлық өнеркәсіпке инвестиция тарту бүгінгі ең өзекті мәселелердің бірі екендігі сөзсіз. Бұл орайда акционерлік қоғам заман талабына сай қызмет атқару­да. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аграрлық өнеркәсіп­ке тартылған инвестиция көлемі 72,7 млрд теңгені құрады. Бұл жылдық жоспардың 111 пайызға орындалғанын көрсетеді. 

Акционерлік қоғамның негізгі қаржы айналымы да көңіл қуан­тады. 2019 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша компания активі 299 449 млн теңгені құрап, таза пайдасы жоспарланған межеден асып түсті. 6 694 млн теңгеге жетті, яғни 238 пайызға асыра орындалды. 

Алдағы міндеттер мен атқа­рылатын жұмыстар да жетер­лік. Соның ішінде ең негізгі стра­тегиялық міндеттер инвести­ция­лық тартымдылықты арттыру, лизингтік қызметті жетілдіру және дамыту, корпоративтік дамуды жүзеге асыру. 


Дата:  08.05.2019 10:31:00
Вернуться к списку
;