8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

Елімізде көктемгі егісті несиелеу мәселелеріне арналған ақпараттық желі қызмет етуде

 Елімізде көктемгі егісті несиелеу  мәселелеріне арналған ақпараттық желі қызмет етуде                                      14.04.2014 «Қазагромаркетинг» АҚ-ның негізінде көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу мәселелеріне арналған ақпараттық желі жұмыс істеуде. Кез келген шаруа 8 800 080 70 80 тегін нөміріне қоңырау шалып, «ҚазАгро» холдингісінің еншілес компаниялары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіске несие алу шарттарымен танысып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы дақылдарды егуге арналған техниканы лизингке алу ережелерінен хабардар бола алады. Call-орталық операторлары әрбір несиелеу бағдарламасының ерекшеліктерін түсіндіріп, ыңғайлы қаржылық құрал жөнінде кеңес беруі - желінің бірден бір артықшылығы болып табылады. Сонымен қатар хабарласушылар көктемгі егіске қажетті материалдық-техникалық ресурстарды (тұқым, агрохимия, техника мен құрал-жабдықтар, жанар-жағармай) сатушы компаниялар жөнінде де ақпарат ала алады. Оның үстіне сall-орталыққа хабарласып, көктемгі егісті жүргізуге қатысты отандық ғалымдардың ұсыныс-кеңестерін білуге де мүмкіндік қарастырылған. Естеріңізге салатын болсақ, «Қазагромаркетинг» АҚ-ның сall-орталығы 2008 жылы құрылған. Бұл желі арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері аграрлық саланы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратты біліп, «ҚазАгро» холдингісінің еншілес кәсіпорындары беретін жеңілдетілген несиелер турасындағы мәліметтермен қаныға алады. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені үшін қажетті барлық материалдық-техникалық ресурстар мен қызмет түрлерін ұсынатын жекеменшік компаниялар жөніндегі ақпарат жайында хабардар болу мүмкіндігі тағы қарастырылған. Айта кетерлігі, бұл желіге кез келген оператордың ұялы нөмірінен және еліміздің кез келген аймағындағы стационарлық телефоннан тегін хабарласуға болады. Желіні құрудағы басты мақсат – шаруалардың ақпараттық-кеңестік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру. Былтырдан бері желіге келіп түскен сауалдар күрт артқан. Мұның себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ҚазАгро» холдингісі тарапынан қарастырылған мемлекеттік қолдау құралдарының артуы, желі туралы ақпараттың шаруаларға көптеп жеткізілуінде. Байланыс орталығына хабарласқандар қазақ-орыс тілдерінде ақпарат ала алады. Сall-орталығының қызметі жұмыс күндері Астана уақыты бойынша сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін қолжетімді (үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін). Жұмыс уақытынан тысқары мезгілде хабарласқандардың қойған сауалдары таспаға жазылып, кейіннен операторлардың назарына ілінеді. «Қазагромаркетинг» АҚ-ның байланыс орталығы 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша жұмыс істейді. Жалпы, биыл «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі көктемгі-егіс жұмыстарына 61,6 млрд. теңгені бағыттауды жоспарлап отыр, оның 40 млрд. теңгесі - бюджеттік несие. Ағымдағы жылы да егіс жұмыстарына арналған несиелер еншілес компаниялар арқылы былтырғыға ұқсас несиелік өнімдер бойынша беріледі. Бұдан басқа «ҚазАгро» алғашқы рет көктемгі егіс жұмыстарын екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыратын болады. Бұл мақсатқа бюджеттік несие қаражатынан 20 млрд. теңге бөлінді. Егін егуге арналған несиелік қаражаттың жаңа көзі «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес шаруаларды қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында қарастырылды. Айта кетерлігі, Ұлттық холдингтен егіс жұмыстарына бөлінген қаражат 6,1 млн. га жерде агротехникалық шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Вернуться к списку
;