8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

Агросекторға инвестиция құйды (Айқын)

Агросекторға инвестиция құйды (Айқын) 20.01.2012 Өткен жылы бірқатар өндіріс нысандары іске қосылды. Әсіресе, «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша жұмысын бастаған 36 өндірістік нысанның жөні бөлек. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру, елімізді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде бұл нысандардың қосар үлесі қомақты болады деген үкілі үміт бар. Олардың қатарында 3 заманауи сүт кешені, 7 көкөніс қоймасы, 2 жылыжай, 6 асыл тұқымды мал шаруашылықтары бар. Аталмыш жобаның қай-қайсысы да маңызды. Жұмысын жандандыру қолдан келетін, тиімділігі жоғары осындай жобаларды аудандарда, ауылдарда көптеп ашу көзделуде. Оған мейлінше мүмкіндік бар. Мәселен Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстарында ашылған заманауи сүт кешендері ағарғанның түр-түрімен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етпек. Ал көкөніс қоймалары мен жылыжай тұрғындарды жыл он екі ай бойы дәруменге бай көкөніс түрлерімен дастарқанымызды толтырмақ. Мал шаруашылығына қайта ден қоя бастаған ауыл тұрғындары сапалы әрі мол сүт және ет өнімдерін өндіру үшін асыл тұқымды мал шаруашылығына мойын бұрмаса болмайтынын аңғарып қалды. Сондықтан да қазір қанша қымбатқа түскенмен ертеңгі күні қайтарымы да қомақты боларына сеніммен қарап бүгін тәуекелге бел байлап отыр. Өзіміздің ауа-райы мен жер-су жағдайына бейім шетелдік асыл тұқымды малдарды әкелу үрдісі қалыптасып келеді. Өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» компаниясының қаржыландыруымен Қарағанды облысында «КазАвиаСПЕКТР» ЖШС-і мамандандырылған ауыл шаруашылығы ұшақтарын өндіру зауытын іске қосты. Егістік алқапты зиянкестерден құтқару мақсатында қолданылатын мұндай ұшақтардың тиімділігі аса жоғары. Осы уақытқа дейін мұндай техниканы көбіне сырттан алып келгенбіз. Қанша дегенмен шетелдік дайын техниканы сатып алу қымбатқа түсетін. Сондықтан да шаруашылықтардың оны сатып алуға қалтасы көтере қоюы екіталай болып келді. Отандық мамандандырылған ауыл шаруашылығы ұшақтары көп ұзамай өз мүмкіндіктерін паш етеді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Zero Max KZ» ЖШС-і жылыжайларға қажетті құбырлар мен жиынтықтаушы бөлшектер өндіретін зауыттың тұсауын кесті. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелендіру мен лизинг институттары арқылы қолдау көрсетіп келеді. Тек өткен жылы ғана компания еліміздің шаруашылықтары мен агроқұрылымдары үшін 7,7 милииард теңгеден астам қарыз-қаражат бөлген. Лизинг бойынша 32 миллиард теңгеге жуық қаржыға 11 мың техника мен құрал-жабдық берілген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ өткен жылы еліміздің агроөнеркәсіп саласына 40 миллиард теңгенің инвестициясын салыпты. Гүлнар ТӘЖИЕВА

Вернуться к списку
;