8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

Шетелдік өнім шекемізді қыздырмайды («Ел» газеті)

Шетелдік өнім шекемізді қыздырмайды («Ел» газеті) 29.11.2011 Жыл сайын күзде картоп пен көкөністі қысқы кезеңде сақтау мәселесі бас көтереді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін жүйелі істер жеткіліксіз болды. Қыркүйек-қазан айларында «картоп пен көкөністі пәленбай мың тонна жинап алдық» деп жалпақ елге жар салғанымызбен, келер жылдың көкте-мінде жергілікті өнімдерден жұрдай болып қалатынбыз. Сол кезде тұрғындар көкөністі сырттан сатып алуға мәжбүр болады. Шетелдік көкөністер сұранысқа ие Басқа өңірден, тіпті шетелден тасып әкелінетін өнімдердің бағасы сол кезде шарықтап кетеді. Сапасының да оңып тұрғаны шамалы. Алайда астаналықтарға, одан қалды республикамыздың өзге де тұрғындарына өзбектер мен қытайлардың делдалдар арқылы тиеп жіберген көкөністерін сатып алудан басқа амал жоқ. Күздігүні молынан жинап алынатын жергілікті өнімдерді көктемгі сұранысты өтеуге жетерліктей сақтау мәселесі осыған дейін талай айтылды. Рас, көкөністі қысқы мезгілде сақтау біраз шығынды талап етеді. Дегенмен оның нәтижесі де көп күттірмейді. Біріншіден, өзіміздің тұрғындар үшін бағасы қолайлы болса, екіншіден, тұтынушыларға сапалы картоп пен көкөністер ұсынылады. Қазіргі күні жағдай аз да болса өзгергендей. Еліміздің аймақтарында көкөніс қорын жасап, оны қысқы, көктемгі маусымдарда пайдалана алуға мүмкіндік беретін көкөніс қоймалары құрылысы қолға алына бастады. Осының арқасында тұтынушылар кез келген маусымда дәрумендерге бай көкөністерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Сандар сыр шерткенде… Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда соңғы 3 жыл ішінде жалпы сы-йымдылығы 42 мың тонна болатын 10 көкөніс сақтау қоймасы салынды. Алда тағы 8 қойма пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы «ҚазАгроҚаржы» ар-қылы бұл мақсаттарға 94 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бо-йынша, елде 661,4 мың тонна өнім сыятын 677 көкөніс сақтау қоймасы бар. Бұл ретте, «ҚазАгроҚаржы» сарапшыларының айтуы бойынша, қоймалардың саны мен сапасы барған сайын арта бермекші. Басты мақсаты – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және маусымаралық кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру. Әрине, көкөніске деген сұранысты қанағаттандыру үшін бұндай қоймалардың көптеп салынғаны құптарлық. Дегенмен, республика аумағында олардың саны жылдан жылға артып келе жатқанымен, әлі де аздық етіп отырғаны байқалуда. Астанада көкөніс қоймаларының саны аздық етіп отыр Мәселен, Астанада көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы тұтынудан 10 есе аз екен. Ал Астананың ішкі тұтыну қажеттіліктерін қамтамасыз үшін шамамен 100 мың тонна көкөніс өнімін сақтауға алу керек. Бұл туралы жуырда елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында салынған «Астана Агро-АА» ЖШС-нің көкөніс қоймасына сапармен барған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев мәлім еткен еді. Сол кезде елорданың бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғандай, Астанада қазіргі таңда жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын 5 көкөніс сақтау қоймасы бар. Алайда бұл көлем елорданың тұтыну деңгейінен әлдеқайда төмен болып отыр. Соның салдарынан Астанада қысқы-көктемгі маусымдарда көкөністердің бағалары тым шарықтап кетіп отырады. «Есеп мәліметтері бойынша, Астананың ішкі тұтыну қажеттіліктерін толтыру үшін шамамен 100 мың тонна өнімді қысқы сақтауға алу керек», – деген еді М. Өмірияев. «Қазақстан қазіргі уақытта өзінің ішкі тұтынуына қажетті көкөніс көлемін өсіріп, өндіріп жатыр. Бірақ бар мәселе оны сақтау көлемінің аздығында. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» қаржылық құралдары арқылы көкөніс сақтау көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жасауда», – деп атап көрсетті ол. Ал енді iске қосылып жатқан көкөнiс сақтау қоймалары базардағы көкөнiстiң бағасына ықпал ете ме деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Ақиқатын айтқанда, дүкен-базарлардың сөресiнде тұрған қияр мен қызанақ көршi мемлекеттерден әкелiнедi. Бағасының қымбат болуы содан. Ертең өзiмiзде өсiрiлген көкөнiстер оған қарағанда арзанға түседi. Яғни, олар елорданың, одан қалды республика елді мекендерінің азық-түлiк белдеуiн дамытуға өз септiгiн тигiзедi. Бiр сөзбен айтқанда, өзiмiзде өсiп-өндiрiлгендiктен өзгелердiкiнен әлдеқайда арзан болмақ. Азық-түлік – әлемнің тұрақты валютасы Азық-түлік қазіргі күні және болашақта әлемнің ең тұрақты валютасына айналатындығы сөзсіз. Жуықта планетаның 7 миллиардыншы тұрғыны өмірге келді. Ал БҰҰ-ның болжамы бо-йынша, 2050 жылы адамзаттың азық-түлік тұтынуы 2 еседен астам өсетін болады. Сондықтан азық-түлік қашанда өз бағасын ұстайды. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік жөніндегі өз қажетінің 80 пайызын қамтамасыз ету мүмкіндігіне жетті. Мұның сыртында экспорт көлемін де арттыра түсті. Демек, Қазақстан фермерлерінің өңірлік және жаһандық бәсекелестікке қатысу мүмкіндігі барған сайын ұлғайып келеді. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы бұл үдерісті одан әрі үдете түспек. Көкөніс қоймалары мен жылыжайлар мәселесі жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілген агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында да әңгімеге арқау болды. Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков жиын барысында осы мәселеге кеңінен тоқтал-ған еді. Оның айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шаралар екпіні арта түсті. Соңғы үш жылда ғана елімізде 10 ірі қазіргі замандық өнеркәсіптік жылыжай іске қосылса, әрбір облыста жүздеген шағын жылыжайлар салынуда. Сондай-ақ соңғы үш жылда 44 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін 11 көкөніс сақтау қоймасы салыну үстінде. Осындай тағы да 8 қойма салу жоспарда тұр. Түйін: Ауыл шаруашылығын серпінді дамытуға мемлекет қазынасынан 130 миллиард теңгелік несие ресурстары қарас-тырылған. Енді осы соманы ой елегінен өткізіп көрсек, бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді екен. Басқадай айтсақ, қыруар қаржы жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналмақ. Кәсібінен нәсіп табам деген жанға барлық жағдай жасал-ған. Ал, ел еңсесін еңкейтпеймін деген азаматтар бұл іске «білек сыбана» кірісіп те кетті. Жаңылыспасам, үстіміздегі жылдың шілде айында Павлодарға Қытайдың Шәуешек қаласынан кәсіпкерлер келді. Кездесуде қытайлықтар павлодарлықтарды өздерінде өсірілетін көкөніс өнімдерімен толығымен қамтуға әзір екендіктерін білдірді. Соңғы кездері картоп пен көкөністерге сұраныстың артып отырғанын сезген көршілеріміз, тіпті, шекараға жақын жерден Өскемен, Қарағанды, Астана, Павлодар тұтынушылары үшін көкөніс базарын да ашып қойған көрінеді. Бұл нені білдіреді? Жолын тауып, өзімізде өсетін көкөністерді тиісінше сақтай алмайтын болсақ, тұтынушыларымыздың сұранысын өзгелер өтеуге дайын. Бірақ бұл жерде біз баға жөнінен де, сапа жағынан да ұтылатынымыз сөзсіз… Даниел ШАЙЫНҒАЗИН

Вернуться к списку
;