8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

Павлодар облысында жаңа көкөніс қоймасы ашылды

Павлодар облысында жаңа көкөніс қоймасы ашылды 12.10.2011 АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін жобалық қуаттылығы 12 200 тонна жаңа көкөніс қоймасы Павлодар облысында іске қосылды, деп хабарлады «ҚазАгроҚаржы» АҚ баспасөз қызметі.Құны 917,1 млн. теңге тұратын «Маяк» шаруа қожалығының жобасын ауылдағы инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырып, республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай іске қосылып отыр. «Маяк» ШҚ жемшөп өндірісі мен мал шаруашылығында маманданған шаруашылық. Биылғы жылдан бастап, шаруашылық бизнесін әртараптандырмақшы болып шешіп, картоп өсірумен және көкөніс қоймасының құрылысымен айналыса бастаған. Тұқым себілген егіс алқабынан шаруалар бар өнімді жинап алып, бүгінгі күнге 10 500 тонна картопты сақтауға салып қойды. Облыс орталығы шегінде тұрғызылған жаңа көкөніс қоймасы шаруа қожалығының өз қажеттілігі үшін көкөніс сақтауға арнап, іргесін тұрғызып отырған үшінші қоймасы. Бұрынырақ тұрғызылған жиынтық сыйымдылығы 5 300 тонна екі көкөніс қоймасы облыстың Павлодар ауданындағы Кеңес ауылында орналасқан. «Маяк» ШҚ мамандарының айтуынша, жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтау мүмкіншілігінің арқасында шаруашылық келесі жылы 25 мың тонна картоп өнімін өсіріп, сақтауға салып қоюды жоспарлап отыр. Қаржылай қолдау алу үшін шаруашылық тағы да «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамына өтінім жасамақшы. Отандық лизингілік компания құрылыстық-монтаж жұмыстарынан басқа, тағы да картоп өсіруге, оны жинауға және суаруға арналған герман өндірісінің арнаулы техникасын сатып алуға қаржыландырды. Сонымен бірге көкөністерді сақтау процесінде бүкіл қажетті шамалардың: температураның, ылғалдылықтың, желдету шегінің сақталуын және т.б. бақылауға мүмкіндік беретін көкөніс сақтауға арналған техника мен қазіргі заман жабдық сатылып алынды. Жобаның жалпы құны - 1,1 млрд. теңге тұрады, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша қаржыландыру көлемі - 917,1 млн. теңге. ҚР АШМ деректері бойынша, барлығы Павлодар облысында жалпы қуаттылығы шамамен 101 437 тоннаға дейін жететін 85 көкөніс қоймасы бар. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша түрі мен салынған уақыты жағынан әртүрлі және жиынтық сыйымдылығы 661 472 тоннаға дейін баратын көкөніс қоймаларының саны - 667 бірлік. Бұл ретте, «ҚазАгроҚаржы» сарапшыларының айтуы бойынша, қоймалардың саны мен сапасы барған сайын арта бермекші. Басты мақсаты - еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және маусымаралық кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күнге «ҚазАгроҚаржы» жиынтық сыйымдылығы 80 мың тонна көкөніс қоймаларының құрылысын қаржыландырды. Қазақстандық лизингілік компания қазіргі кезеңге жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгеден асатын 15 жобаны мақұлдады. Бұл объектілердің бәрі де өзінің қуаттылығы жағынан да, конструкциясы жағынан да әр түрлі болып келеді. Алайда, олардың бәрінің басты негізі - көкөністердің сапасын 9-10 айға дейін сақтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы жабдық орната отырып, қазіргі заман технология бойынша салынғандығы. Анықтама: «ҚазАгроҚаржы» еліміздің ауыл шаруашылығындағы 14 инвестициялық бағыттың операторы болып табылады. Әңгіме республикада ірі-тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының желілерін, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерін, мал бордақылау алаңдарын, етті қайта өңдеу кешендерін, асыл тұқымды мал шаруашылықтарын (репродукторлар), сойыс пункттерінің желілерін құруға, сонымен қатар қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымын дамытуға және оны терең қайта өңдеуге, астық қоймаларын тұрғызу мен модернизациялауға, тамшылатып суару технологиясын енгізуге және биязы жүн өндіру және оны қайта өңдеуге байланысты перспективалы жобаларды қаржыландыру жөнінде болып отыр. «ҚазАгроҚаржы» оларды іске асыру үшін шамамен 94 млрд. теңге қаржы жұмсауды жоспарлауда.

Вернуться к списку
;