8 (7172) 55-77-55

Call-center

Kz Ru En

«РЗА-ның» тірлігіне ел риза - Қызылорда облысы

«РЗА-ның» тірлігіне ел риза - Қызылорда облысы 16.06.2010

ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қазалы ауданындағы «РЗА» АҚ-на қарасты тауарлы сүт фермасы кешені облыстағы индустриялық-инновациялық жоба бойынша қайта жасалып жатқан кешендердің бірі болып табылады. Қоғам президенті, облыстық мәслихат депутаты Самұрат Иман­досовтың айтуынша, жобаның бірінші кезеңін іске асыру үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 1 млрд. 694 млн. теңге қайтарымды несие алынған.

Инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында сүт өнімдерін өндіретін тауарлы сүт фермасының кешенді құрылысы қарқынды жүр­гізілуде. Үстіміздегі жылы шетел­ден 660 бас асыл тұқымды қашар әкелуге келісімшарт жасалған еді. Сондай-ақ оған қажетті құрал-жабдықтар өзге мемлекеттерден жеткізілмек. Жобада 660 бас сауын сиырға арналған қора, 1200 басқа сауын залы, төлдету бөлімі, бұзау қора салу қаралған. Кәсіпорынның өз күшімен сүрлем, пішендеме сақтайтын қамба, бақылау, өткізу бекеті, трансформатор кіші стансысы орнатылып, электр желісі тартылып, кешенге сыртқы қоршау жүр­гізілмек. Бұл жұмыстарға 118 млн. теңге қаралған. Сондай-ақ сыртқы және ішкі су жүйелері, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, әрқайсысының сыйымдылығы 7000 текше метр болатын 2 органикалық тыңайтқыш дайындайтын орын, 60 тонналық көлік таразысы, санитарлық бақылау бекеті салынады. Нақты кезеңде 310 млн. теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары игерілген. Сүрлем, пішендеме қамбасы дайын болса, тұрмыстық ғимараттар тез бой көтеруде. Кешеннің темір ұстындары, қабырғалық, төбе панельдеріне қажетті ма­териалдар сатып алынуда. Құрылыс нысандарының ұстындарын Теміртау қаласының «ЗПХ Техол» ЖШС дайындайды. Құрастырып жинау, бетон жұмыстарын «Техол-Монтаж» ЖШС жүргізуде. «Техол-Монтаждың» ауысым шебері Вла­димир Ледоктың айтуынша, еңбек қарқыны жоғары деңгейде. Серік­тестіктің 50 адамы монтаждау, төбені жабу, өзге де шаруалармен айналысады. Вахталық тәсілмен жұмыс істейтін бригада байырғы мамандардан құралған. Бұған дейін олар Астана, Алматы қалаларында тәжірибе жинақтаған. Құрылыс ма­териалдарын жеткізуде ешқандай кідіріс жоқ. Тамыз айының аяғына дейін асыл тұқымды мал түгел жеткізілмек. Маман­дардың ай­туынша, әкелінген мал 3 айдан кейін төлдей бастайды. Соған орай сауын залы қарашада іске қосылады деп күтілуде.

Индрустриялық-инновациялық даму жобасын­дағы кешенді құрылыс толық пайдалануға берілгенде тәулігіне 30-35 мың литр сүт өндіріледі. Түрлі сүт өнімдерін өңдеу мақсатында қосымша қуаттылығы ауысымына 30 тонналық сүт зауыты салынатын болады. Зауыттың жоба-сметалық құжаты келісімшарт бойынша дайындалуда. Ішкі жабдықтарына іріктеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сүт зауыты құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Құрылыс мерзімінде 150 адам, кешенді пайдалану кезінде 60 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Қысқасы, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіз­дігін сақтауда, тұтынушыларды отандық өніммен қамтамасыз етуде бұл кешеннің пайдасы ұшан-теңіз.

«РЗА» АҚ-ның ірі қара фермасы жайлы талай айтылып та, жазылып та жүр. Мұндағы ірі қара фермасы Қазақстандағы ең жоғары нәтижелі кешен санатына енген. Әр сауын сиырдан өткен жылы 5000 литр сүт сауылды. Солтүстік Қазақстаннан әкелінген 100 бас қашар төлі арқылы 400-ге дейін көбейтілді. Әрбір сиырдың орташа салмағы 600 келіні құраса, жаңадан дүниеге келген бұзауының өзі 35-40 келіге дейін тартады. Типтік жобадағы салынған кешенде жаңадан жұмыс орындары ашылып, көптеген тұрғындар жұмысқа тартылды. Өнім өндірудің кластерлік жүйесіне көшіп, қуаты 2 мың литрлік германдық шағын сүт зауыты қолданысқа енгізілді. Ондағы пастерленген сүт, айран, қаймақ, сары май, сүзбе, қатыққа консерванттар, дәмдеуіштер қосыл­мағандықтан ешқашан табиғи қалпынан айнымайды. Оған қоса, сүт сапасы жоғары әрі қауіпсіз.

Елбасы Жолдауында айтылған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспортты әртарап­тандыру, тауарлы-сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, ауылшаруашылық тех­ни­каларын жинау, ет өңдеу өндірісін дамыту жайы жер­гілікті жерде үлкен қолдауға ие болды. Бұл бағытта «РЗА» АҚ-ның толағай табысы мақтауға лайық.


Вернуться к списку
;